Кентау көпсалалы колледжінің педагог ұйымдастырушысы А.Тойшиеваның ұйымдастыруымен бүгінгі студент, болашақ бастауыш сынып мұғалімдері шағын шаһардағы С.Бәйтереков атындағы саз мектебіне саяхат жасады. Себебі соңғы курс студенттері бұл уақытқа дейін музыкалық өнерді үйрететін оқу орнында еш болмаған. «Қолдарына диплом алған соң, ұстаздық еткен кезде балаларды өнерге баулымас бұрын өздері қаладағы саз мектебімен таныссын деген мақсатта бүгінгі саяхатты ұйымдастырып отырмыз» - дейді педагог-ұйымдастырушы Айгүл Есенбекқызы. Талай таланттарды тәрбиелеген ұстаздар музыкалық өнерлерін көрсетті. Республикалық, Халықаралық байқаулардың жеңімпазы атанған түлектер бүгінде елімізде қызмет жасап жүр. Шет елдерде білімдерін жалғастырып жатқандар да бар. Жастар саз мектебіндегі ұстаздармен, ұлттық музыкалық аспаптармен, музыка өнерімен танысты. Музыка білімі туралы мол мағлұмат алған болашақ ұстаздар С.Бәйтереков атындағы саз мектебінің ұжымына ризашылық білдірді. #Оқуағартуминистрлігі